Көрме бес айға созылады
2024 жылғы 6 қарашада Қазақстан мен Франция Мемлекет басшыларының қолдауымен Гиме – Азия өнерінің ұлттық музейінде (Париж) «Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары» көрмесі ашылады. Көрме 2025 жылдың 24 наурызына дейін жалғасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстанның Ұлттық Музейі Франция астанасында көпшілік назарына 4 мың жылдық кезеңді қамтитын көшпелілер мәдениетіне тән сирек кездесетін жәдігерлерді ұсынады. Іс-шара еліміздің мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Көрме экспонаттары Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің коллекциясынан алынған.
«Қазақстан Еуропа елдерімен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға көп көңіл бөледі. Бұл саладағы өзара іс-қимылдың маңызды бағыттарының бірі – тарихи-мәдени мұраны дәріптеу. Қорында Қазақстанның бірнеше мәдени жәдігері бар, Азия өнерінің әлемдегі ең толық және Еуропа аймағындағы ең ірі коллекциялары сақталған Гиме – Азия өнерінің ұлттық музейінде Қазақстанның тарихи мұрасынан көрме өткізу өнер әлеміндегі елеулі оқиға болатыны анық», — деп жазды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Экспозицияда Қазақстан тарихының негізгі кезеңдерін (б.з.д. ІІІ мыңжылдықтан XVIII ғасырға дейін) сипаттайтын 35 сирек артефакт ұсынылған.