Neo Nomad атты жаңа виза елде бір жылға дейін болуға мүмкіндік береді
Қазақстан қашықтан жұмыс істеп, саяхаттайтын шетелдік туристерге арналған «Neo Nomad» атты жаңа виза түрін енгізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасының президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасымен Neo Nomad визасы енгізілді. Бұл виза заманауи көшпенділер – жұмыс пен демалысты үйлестіріп, қашықтан жұмыс істеп саяхаттайтын шетелдік туристерге арналған», — деп хабарлады ведомство.
Neo Nomad визасын алу үшін шетелдік азаматтар Қазақстаннан тыс жерлерде кемінде 3 мың доллар көлемінде табысы бар екенін растап, сотталмағанын дәлелдейтін анықтамасын ұсынуы қажет. Бұл виза елде бір жылға дейін болуға мүмкіндік беріп, шетелдік компанияларда жұмысын жалғастыруға жағдай жасайды.
Бағдарлама түрлі саладағы мамандарды – бағдарламалаудан бастап электрондық коммерцияға дейінгі мамандарды тартуға бағытталған. Министрліктің мәліметінше, бағдарламаға 500 адам қатысса, бұл ел экономикасына жылына шамамен 3,6 миллиард теңге кіріс әкеледі.
«Туризм және спорт, сыртқы істер, ішкі істер министрліктерінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде Қазақстан қазір заманауи көшпенділер үшін саяхат картасының бір бөлігіне айналды. Әлем бойынша олардың саны 35 миллионнан асады және біз оларды елімізге тарту үшін барлық жағдайды жасауды көздеп отырмыз», — деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.