«Психиатриялық есепте тұрған»: Ақмола облысында жоғалып кеткен 50 жастағы ер адам табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Ақмола облысында психоневрологиялық ауытқулары бар азаматтарға арналған арнайы мекемеден психиатриялық есепте тұрған 50 жастағы ер адам өз еркімен белгісіз бағытқа шығып, жоғалып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Науқастың жоғалып кеткенін байқаған мекеме қызметкерлері бірден аудандық полиция бөліміне жүгінді. Жоғалған адамды іздестіру үшін полиция шұғыл шаралар қабылдады.

«Қызметкерлер оның ықтимал жүріп өткен бағыттарын мұқият саралап, жергілікті тұрғындардан келіп түскен ақпараттарды талдады, сондай-ақ жақын маңдағы елдімекендерге патрульді күшейтті. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 1 қараша күні жақын маңдағы ауылдардың бірінен жоғалған азамат табылып, қайтадан мекемеге жеткізілді», - делінген полиция хабарламасында.

Қазіргі уақытта бұл оқиғаға қатысты тексеру жүргізіліп, барлық мән-жайы анықталуда.