Павлодардағы әлеуметтік мекемеде мүгедек балаларды ұрып-соғу ісі анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Іс Полиция департаментіне тапсырылды

Фото: istockphoto.com

Павлодардағы әлеуметтік мекемеде мүгедектігі бар балаларды ұрып-соққаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс прокуратурасы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда тұратын кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тексеру жүргізуде.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің облыстық психоневрологиялық балалар орталығы» КММ-нің бейнебақылау камераларын қарау кезінде тәрбиеші тарапынан кәмелетке толмағандарды ұрып-соғудың бірнеше фактісі анықталды.

Бұл денсаулық жағдайы бойынша дәрменсіз және психоневрологиялық патологиясы бар үнемі күтімді қажет ететін балалар.

«Кәмелетке толмағандарды қинау белгілері бойынша Орталықтың қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, ол Полиция департаментіне тапсырылды.

Өзге ақпарат тергеу мүддесінде ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді», - делінген хабарламада.