Саран қаласының әкімі қызметінен босатылды

Автор: Azattyq Rýhy

Оған әкімнің қалада жылу беру маусымының басталуында олқылық жібергені себеп болған

Фото: gov.kz

Қарағанды облысы Саран қаласының әкімі қызметінен босатылды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қарағанды облысы әкімінің өкімімен Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымының басталуында олқылық жібергені үшін атқаратын қызметінен босатылды», - делінген әкімдік хабарламасында.

Ал қала басшысы міндетін уақытша осыған дейін Саран қаласы әкімінің орынбасары болған Мақсат Қайрешов атқарады.

Бұған дейін Қарағанды облысының Саран қаласында үйлерді жылумен қамтуға жауапты болған шенеуніктер жазаланғанын жазғанбыз. Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алса, облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланған еді.