18 жастағы дропперлер зейнеткерлерден 6 миллион теңге алған

Автор: Azattyq Rýhy

Көкшетауда үш зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны болды

Фото: © istockphoto.com

Көкшетауда 18 жастағы екі алматылық дроппер ұсталды. Олар үш ақмолалық зейнеткерден алты миллион теңгеден астам ақша алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

22-23 қазан күндері Көкшетауда үш зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны болды. Белгісіз қоңырау шалушылар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткерлердің немерелері жол-көлік оқиғасына ұшырағанын хабарлаған. Алаяқтар мәселені ақша арқылы шешуді ұсынған және зейнеткерлерді алдап, соңғы ақшасын тартып алған.

«Зейнеткерлердің ақшасын Алматыдан Көкшетауға келген 18 жастағы екі курьер алып кеткен. Полиция оларды жедел ұстап, күдіктілер Telegram арқылы жеңіл табыс табуға ұсыныс алғанын айтты. Олар кураторлардың нұсқауымен Көкшетауға барған. Екі күн ішінде үш мекенжайға барып, зейнеткерлерді қорқытып, ақша алған. Алынған ақшаны белгіленген есепшоттарға аударған», – деп хабарлады полиция.

Қазіргі таңда барлық үш оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция азаматтарға мобильді қосымшалар мен әлеуметтік желілердегі күмәнді жұмыс ұсыныстарына сенбеу керек екенін ескертеді.