Қазақстан тұғыры берік, бірлігі бекем, болашағы жарқын, әлем таныған іргелі елге айналды – Қошанов

Автор: Azattyq Rýhy

Мәжіліс Төрағасы қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

Фото: parlam.kz

Мәжіліс Спикері және «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Республика күніне орай барша қазақстандықтарды құттықтап, бұл мерекенің ел егемендігін нығайтудағы маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ерлан Қошанов 1990 жылы қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның Қазақстанның тәуелсіздікке бастаған алғашқы қадамы екенін айтып, тарихи құжат бүгінгі еліміздің жетістіктері мен биік мәртебесінің негізі болғанын жеткізді.

«Бұл – ел егемендігіне жол ашқан ерекше күн. Тәуелсіздігіміздің бастауы да осыдан 34 жыл бұрын дәл осы күні қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларациядан тамыр тартады. Сондықтан да байтақ Отанымыздың әрбір азаматы үшін ата-баба арманын ақиқатқа айналдырған бұл күннің маңызы зор.

Осы жылдар ішінде тарихи құжатта айтылған мәлімдемелердің барлығы жүзеге асты. Онда қамтылған қағидаттар Ата заңымызға арқау болды. Қазақстан тұғыры берік, бірлігі бекем, болашағы жарқын, әлем таныған іргелі елге айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жаңғырған осынау ұлттық мереке алдағы уақытта да елдігімізді нығайтып, ынтымағымызды арттырып, биік белестерге бастай берсін.

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін», - делінген құттықтауда.