Бүгін – Республика күні

Автор: Azattyq Rýhy

2022 жылы Республика күні Ұлттық мереке ретінде қайтадан аталып өте бастады

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін, 25 қазан, елімізде Ұлттық мереке – Республика күні аталып өтуде. Бұл күн 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияны қабылдаған күнмен тікелей байланысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталған құжат Қазақстанның егемендігінің негізін қалады, елдің тәуелсіздікке ұмтылған жолындағы алғашқы қадамдарының бірі болды.

Декларация Қазақстанның жеке территориясын, азаматтығын, мемлекеттік рәміздерін, сондай-ақ халықаралық қатынастардағы дербестігін бекітіп, болашақ тәуелсіздігінің іргетасы ретінде маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар, ел ішінде демократиялық қоғам құруға бағытталған саяси және экономикалық өзгерістердің бастамасы болды.

2001 жылы қабылданған заң бойынша 25 қазан мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. 2022 жылы Республика күні Ұлттық мереке ретінде қайтадан аталып өте бастады, ал 16 желтоқсан әдеттегідей Тәуелсіздік күні болып қалды.