Анкарада теракт болды: қаза тапқандар бар

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл жағдайға байланысты Ішкі істер министрі Али Ерликая мәлімдеме жасады

Бейнеден кадр

Түркия астанасы Анкарада әскери ұшақтар мен ғарыш техникасын шығаратын «TUSAŞ» корпорациясы ғимараты маңында теракт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Euronews-тің жазуынша, Анкарадағы TАІ аэроғарыш және қорғаныс компаниясының штаб-пәтері қарулы шабуылға ұшырады.

 

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ел астанасы Анкарада болған шабуыл кезінде төрт адамың қаза тапқанын мәлімдеді.

A Haber телеарнасы жазғандай, мұндай деректерді Мемлекет басшысы қазанда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде айтты.

«TUSAŞ-қа жасалған шабуылда төрт адам қаза тапты», - деді Ердоған.

Соңғы мәліметтер бойынша, 4 адам қаза тауып, 14 адам жарақат алған, екі шабуылдаушы өлтірілді. Оқиға орнына қауіпсіздік күштері, жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндірушілер жіберілді. Шабуыл күзетшілерді ауыстыру кезінде болды. Компания қызметкерлері қауіпсіз жерге шығарылды.

Бұл жағдайға байланысты Ішкі істер министрі Али Ерликая мәлімдеме жасады.

«Анкараның Кахраманказан нысандарына теракт жасалды. Өкінішке орай, құрбан болғандар мен жараланғандар бар. Алла рахымына алсын», – деді министр. 

Теледидарда көрсетілген қауіпсіздік камераларынан түсірілген кадрлар қарапайым киімді ер адамның рюкзакты алып жүргенін және қолында мылтық ұстағанын көрсетеді. Шабуылдаушылардың арасында, суреттерге қарағанда, кем дегенде бір әйел болды, ол да мылтықпен қаруланған. CNN TURK нысанның қақпасына жақындаған содырлар әуелі көлікті жарып,содан кейін  қарулы қақтығысты бастағанын хабарлайды.