«Қайырымдылыққа жиналған 44 млн теңгені иемденіп кеткен»: Ақтөбеде қоғамдық қордың директоры сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сот оған 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады

Фото: depositphotos.com

Ақтөбеде қайырымдылыққа жиналған 44 млн теңгеге жуық ақшаны иемденіп кеткен «More Life» қоғамдық қорының директорына қатысты сот үкімі шықты. Сот оған 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақтөбе қаласының № 2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 «More Life» қоғамдық қорының директоры Бибігүл Жулинаға қатысты қылмыстық іс Ақтөбе қаласының № 2 сотында қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, «More Life» қоғамдық қорының директоры 2022-2024 жылдар аралығында науқас балалардың ата-аналарының шоттарына түскен ақшалай қаражатты өзіне иемденген. Шығын көлемі — 43 889 429 теңге. Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындамады. Тіпті жауап беруден бас тартты. 

«Жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтары, банктік шоттардан алынған көшірме сотталушының кәнісін дәлелдеді. Сот Қылмыстық кодекстің 190 бабы 4 бөлігі 2 тармағы негізінде сотталушыны кінәлі деп танып, 10 жыл мерзімге коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушілердің материалдық залал сомасын өндіріп алу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды», - делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ