Солтүстік Қазақстанда ірі қара белгісіз індетке шалдықты

Автор: Аманалиева Тоғжан

Қазір мамандар ауру малдың адамның денсаулығы мен өміріне қаншалықты қауіпсіз екенін дөп басып айта алмай отыр.    

sputniknews.kz

Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше мүйізді ірі қара мал беймәлім індетке шалдықты. Келеңсіз жағдай Аққайың ауданының Тоқшын ауылында тіркеліп отыр. Өрісте жүрген сиырлардың денесі қызып, терісі қабынған. Ауылдағы мал дәрігері диагноз қойылмаған ірі-қараны емдемек болып, антибиотик салған. Алайда, ол әрекетінен оң нәтиже шықпаған. Ал, белгісіз кеселге шалдыққан малды иелері қорада ұстап отыр.

Қазір нақты диагноз қойылмағандықтан, мамандар ауру малдың адамның денсаулығы мен өміріне қаншалықты қауіпсіз екенін дөп басып айта алмай отыр.

«Ауру сиырлар оқшауланды. Иелеріне қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында малды жайлағаннан кейін қолды залалсыздандырып отыру жайында нұсқаулық берілді. Ауылдық ветеринар ешкімге ескертпей, ірі қараны өз бетінше емдеген. Сараптама алынғанымен, ол аурудың нақты себебін анықтауға мүмкіндік бермейді. Біз малдың ауыру фактісі қайталанса ғана қан талдауын жасай аламыз», - деді ҚР АШМ ветеринарлық қадағалау және бақылау комитетінің облыс бойынша аумақтық инспекциясының жетекшісі Марат Ыбыраев.

Облыстық ветеринария басқармасы өкілдерінің мәліметіне сай,  індетке 9 бас мал шалдыққан. Алайда, ауыл тұрғындары ауру сиырлардың саны әлдеқайда көп екенін  айтып отыр.

«Көршілердің барлығының малдары ауырып жатыр, менің 9 сиырым жұқпаға шалдықты. Ешкім келіп сараптама жасау үшін малдан қан алған жоқ. Ветеринар «Нодульдік дерматит белгілеріне ұқсайды. Осы антибиотиктерді егіңіз» деп дәрі беріп кетті. Осы малмен жан бағып отырмыз, енді не болары белгісіз», - дейді Тоқшын ауылының тұрғыны Николай Дорошкевич.

Облыстық ветеринария басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Берік Әлжанов қазір малдардың ауруға шалдығу фактісі бойынша тергеу амалдарының жүріп жатқанын айтты.  «Егер сиырлардың нодульдік дерматитпен ауырғаны расталса, ауыл ветеринарының малға тиісті вакцина салмағанын білдіреді» деді ол.

Егер басқарма өкілінің сөзі расталса, індетке қарсы екпе салмаған ветеринарға 125 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.