Құны 45 млн теңге: Ресейден жеткізілген 7,5 мыңға жуық вейп тәркіленді

Автор: Azattyq Rýhy

Электронды темекі өнімдерін алуға өтінімдер 100 000 теңгеден басталған

Қостанай облысының аумағына вейптерді, оған арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз әкелу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қостанай тұрғыны өзі құрған телеграм-арнасы арқылы Қазақстан Республикасының аумағына одан әрі тарату мақсатында вейптерді заңсыз әкелгені анықталды.

«Вейптер Қазақстанға Ресей Федерациясынан әкелініп, әрі қарай курьерлер мен почта жөнелтімдері арқылы бүкіл ел аумағында таратылған.

Электронды темекі өнімдерін алуға өтінімдер 100 000 теңгеден басталған. Елімізде айналымына тыйым салынған вейптерді өткізу фактілерін жасыру мақсатында төлем шетел азаматының банк картасына қабылданып отырған.

Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында құны 45 млн теңге шамасындағы 7,5 мыңға жуық вейп табылып, тәркіленді», - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, сот кінәліге пробациялық бақылауды белгілей отырып, 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.

Тәркіленген вейптер жойылуға жатады.

Тегтер: