Заңсыз көші-қонды ұйымдастырған бірнеше қылмыстық топ ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар 7 жылға дейін сотталуы мүмкін

Фото: istockphoto.com

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес осы айдың басынан бастап заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға қатысы бар бірнеше қылмыстық топтың жолын кесті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Қылмыстық схемалар мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, жалған құжаттарды қолдана отырып, шетелдіктерге уақытша тұруға және жұмыс істеуге рұқсат беруді ресімдеу сияқты қызметтерден тұрған», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Жамбыл облысында жергілікті тұрғын ұсталды. Ол таулы аймақ арқылы Еуроодақ елдеріне табыс үшін барғысы келетін алыс шет елдердің азаматтарына заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған.

Атырау облысында үш шетелдік жалған құжаттарды пайдалана отырып, Қазақстан аумағында басқа шетелдіктерді тіркеумен айналысқан.

Осыған ұқсас қылмыстық схема елордада ашылды. Онда еңбек мигранттары үшін құжаттарды заңсыз ресімдеуге қатысы бар бес жергілікті тұрғын ұсталды.

«Барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Кінәлілер мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», – деді Қуандық Алпыс.