«Құжаттары талапқа сай емес»: ШҚО-да бірнеше көпқабатты үйдің құрылысы тоқтатылды

Автор: Azattyq Rýhy

Рұқсат құжаттары жоқ болса да компания үлескерлердің қаражатын тартумен айналысқан

Фото: depositphotos.com

Шығыс Қазақстан облысында құжаттары талапқа сай келмейтін 3 көпқабатты үйдің құрылысы тоқтатылды. Бұл туралы ШҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Басқарманың мәліметінше, өңір бойынша тек екі тұрғын үй кешені үлескерлердің қаражатын тартуға құқылы. Атап айтқанда, «Жаным» және «Sparkle Diamond» тұрғын үй кешендері.

«Бүгінгі таңда төрт тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарына қажетті құжаттары толық емес. Сондықтан оның ішіндегі үш кешеннің құрылысы тоқтатылды. Тағы екі тұрғын үйде жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқулар анықталды», - делінген ақпаратта. 

Тексеру барысында «Emeralds» тұрғын үй кешенін салушы «ROYAL FINANCE GROUP» ЖШС-ның заң талабын бұзғаны анықталды. 

«Рұқсат құжаттары жоқ болғанына қарамастан компания үлескерлердің қаражатын тартумен айналысқан. Қазіргі таңда басқарма мамандары үлескерлердің мүддесін қорғап, «Emeralds» тұрғын үй кешені құрылысының заңды түрде аяқталуын қамтамасыз ету шараларын қолданбақ», - делінген хабарламада.