Аталған факті бойынша әкімшілік іс қозғалды
Өскеменде Орталық Азия тасбақаларының заңсыз сатылымының жолы кесілді. Бұл туралы ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияға жергілікті тұрғыннан үй жануарлары дүкендерінің бірінде бауырымен жорғалаушыларды ұстауға қатысты заң бұзушылық фактісі бойынша хабарлама келіп түскен.
«Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері дүкенде тексеру жүргізіп, онда сатушылардың ұстауға және сатуға рұқсаты жоқ үш ортаазиялық тасбақаны тәркілеген. Аталған факті бойынша оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 389-бабы, «Жабайы жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз алу, өткізу, тасымалдау, әкелу, әкету, сақтау (ұстау)» бойынша әкімшілік іс қозғалды», - делінген ПД хабарламасында.
Материалдар әрі қарай тергеу жұмыстарын жүргізу үшін Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясына берілді.