Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Солтүстік Қазақстан облысында екі мұғалім мектеп ғимаратының фойесіне бұрыш спрейін шашқан. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Петропавловск.news-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Ақжар ауданы Талшық ауылында болған.
27 қыркүйекте полицияға Талшық аудан орталығының мектебінде оқушылар есінен танып қалғанын, ғимаратта ерекше иіс мүңкіп тұрғаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Келген жедел-тергеу тобының қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторы оқушыларды, техникалық қызметкерлер мен педагогтарды ғимараттан эвакуациялады, содан кейін үй-жайды тексеруге кірісті.
«Сот отырысында осы мектептің екі мұғалімі бұрыш спрейін алғаны анықталды. Олардың біреуі салдарын білмей, спрейді шашып, нәтижесінде бөлмеге таралып кеткен. Оқиға салдарынан 9 және 11 жастағы екі оқушы, сондай-ақ 53 жастағы әйел аудандық ауруханаға жүгінді. Оларға медициналық көмек көрсетілді, ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұрыш спрейін шашқан мұғалімдер ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, бұл әрекет «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 434-бабына сәйкес 20 АЕК (73 840 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. Жаза қандай болатынын Әкімшілік сот шешеді.