Қазақстанның жемқорлыққа қарсы шараларының іске асырылуын ЭЫДҰ сарапшылары бағалайды
Хатшылық редакциялық жұмыстарды аяқтағаннан кейін ЭЫДҰ сайтында есеп ресми жарияланатын болады
Ағымдағы жылдың 16-19 қыркүйек аралығында Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін ЭЫДҰ жемқорлыққа қарсы желісінің Пленарлық отырысына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Бас прокуратураның өкілдері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Антикорға сілтеме жасап.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Стамбул іс-қимыл жоспары мониторингінің 5-ші раунды бойынша Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстанның есептерін бекіту.
Өткен жылдың қараша айынан бастап Қазақстан ЭЫДҰ мониторингінің 5-ші кезеңінен өтіп жатыр, оған мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
«Еліміздің жемқорлыққа қарсы саясаты, жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын адамдарды қорғау, мамандандырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның қызметі, судьялар мен прокурорлардың тәуелсіздігі мәселелерін қамтитын тоғыз сала талдаудан өтті. Сондай-ақ, жемқорлық үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету мәселелері зерделеніп, бизнестің адалдығы, сатып алу және мүдделер қақтығысы салалары талданды», - делінген хабарламада.
Жалпы, сарапшылар іске асырылып жатқан жемқорлыққа қарсы саясатты, ұлттық заңнамаға және құқық қолдану практикасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуді жоғары бағалап, бизнестің парасаттылығы саласында қол жеткізілген прогресті атап өтті.
Жекелеген кемшіліктер ретінде сарапшылар сот билігі мен прокуратура органдарының тәуелсіздігі, ақпарат берушілерді қорғау сияқты салаларды атап өтті.
«Хатшылық редакциялық жұмыстарды аяқтағаннан кейін ЭЫДҰ сайтында есеп ресми жарияланатын болады. Қазақстанға ұсынымдарды іске асыруға екі жыл беріледі, оның аяқталуы бойынша ЭЫДҰ орындалуына бағалау жүргізеді (2026 жылы). ЭЫДҰ стандарттарына сәйкестігі Қазақстанның ЭЫДҰ-ның Парақорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмыс тобына кіруі үшін басты шарттардың бірі болып табылады, бұл халықаралық коммерциялық мәмілелерді жүзеге асыру кезінде шетелдік лауазымды тұлғаларды параға сатып алумен күрес жөніндегі ЭЫДҰ Конвенциясына қосылу үшін қажет», - делінген хабарламада.
Қазақстанның жемқорлыққа қарсы саясатын нығайту бойынша ЭЫДҰ әзірлеген ұсынымдар ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктерін ескере отырып, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру үшін пайдаланылатын болады.
Ұсынымдарды іске асыру кезінде сараптамалық және техникалық қолдау алу мақсатында Агенттіктің ЭЫДҰ СЖҚЖ-мен ынтымақтастықтың Жол картасына қол қоюы жоспарлануда.