$ 499.51  525.83  4.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Президент Түркістан облысының өндірістік паркіндегі кәсіпорындарды аралады

Облыс әкімі 2024-2027 жылдары аймақта 145 инвестициялық жоба орындалатынын хабарлаған

Президент Түркістан облысының өндірістік паркіндегі кәсіпорындарды аралады
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK TURKISTAN» өндірістік паркін аралап көрді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорда жазғандай, өндірістік парктің құрылысы 100 гектар жерге салынады. Құрылыс екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Индустриялық алаңның бірінші кезеңінде 30 гектар жер телімі бөлініп, тиісті инфрақұрылыммен және коммуникация желілерімен қамтамасыз етілді. Бастапқыда жалпы құны 96,9 миллиард теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде инвестиция көлемі 36,5 миллиард теңге болатын 8 өндіріс іске қосылып, 712 жаңа жұмыс орны ашылды. Мемлекет басшысы, ең алдымен, көкөніс сақтау қоймасымен танысты.

Мұнда 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімдерін сақтап, Түркістан, Кентау және Арыс қалаларын маусымаралық кезеңде азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Жобаны «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «М-Адал» компаниясы жүзеге асырды. Алдағы уақытта аймақтағы Леңгір, Жетісай, Шардара, Сарығаш секілді ірі елді мекендерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Сарыағаш қаласынан 2 мың тонналық қойма салу жоспарланған. Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» серіктестігінің өндіріс цехтары таныстырылды.

Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан. Келесі кезекте тамшылатып суару қондырғыларын шығаратын екі зауыт ашуды көздеп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл 2030 жылға дейін облыста 216,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы білім беру мекемелеріне арналған жиһаз шығаратын «Аqniet Holding» өнімдерін көрді.

Соңғы үш жылда компания 50-ге жуық мектепті жабдықтаған. Мұнда «Жайлы мектеп» стандартына сай жиһаздар, «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесіп, медицина мекемелеріне арналған жабдықтар жасалады. Президент тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl suyq Qazaqstan» кәсіпорнының өндіріс алаңына барды.

Өнімдерін Орталық Азия елдеріне импорттап келе жатқан болгариялық UBC Group холдингі Түркістан облысында екі ірі өндіріс желісін ашу жөнінде шешім қабылдаған. Инвестор жобаның бірінші кезеңіне 5 миллион еуро көлемінде қаржы құяды. «SPK TURKISTAN» аумағындағы өндіріс алаңында 350-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ал «Тұран» арнайы экономикалық аймағында іске қосылатын екінші зауытқа 7,5 миллиард теңге инвестиция салынады. Нәтижесінде айына 10 мыңға дейін тоңазытқыш жабдығын шығарып, мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев «Turan Su» мекемесінің қызметімен танысты.
2019 жылы құрылған кәсіпорынның негізгі міндеті – мемлекет меншігіндегі ирригациялық жүйелер мен гидрологиялық құрылыс жайларын күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау, елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету. «Turan Su» басшылығы жұмысты тиімді ұйымдастырып, табысты еселеу арқылы қосымша инвестициялық жобаларды жүзеге асыра бастаған. Атап айтқанда, биыл кәсіпорын индустриялық парк аумағында жылына 9 мың гектарға тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты. Келешекте кәсіпорын суару жүйелеріне арналған параболалық науалар өндірісін жолға қоймақ.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, өңір экономикасының дамуына тың серпін беру үшін Түркістан облысында 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 триллион теңге болатын 145 инвестициялық жобаны жүзеге асыру – басты мақсаттардың бірі. Нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болады.

Президентке қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co.Ltd» компаниясымен өңірде мақтаның элиталық сұрыптарын өсіру және тоқыма кластерін құру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқаны баяндалды.Бұдан бөлек, ірі жобалардың қатарында қуаты 926,5 МВт бу-газ қондырғысының, 800 МВт күн және жел электр станцияларының, Түркістан қаласындағы бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы, дрон және бейнебақылау камералары, газ қазандықтары, тұрмыстық техника, тау-кен және металлургия кешеніне арналған құрылғылар, алюминий бұйымдар өндірісі секілді маңызды бастамалар бар.Мемлекет басшысына бойлерлер, трансформаторлар мен электр техникасы жабдықтарын, ауыл шаруашылығы техникасын, құрылыс материалдары мен химиялық заттар өндіретін, жүгеріні терең өңдейтін, сусын, киім-кешек, аяқ киім, жиһаз түрлерін шығаратын кәсіпорындар таныстырылды.

Серіктес жаңалықтары