Атырау облысында АЭС салу бойынша кездесу өтті
Кездесуде АЭС салу бойынша сұрақтар қойылып, штаб мүшелері жауап берді
Атырау облысында Халықтық штаб мүшелері өңірдің ең үздік техникалық АРЕС PetroTechnic колледжінің еңбек ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиын барысында Саламат Ыдырысов штабтың жұмысы АЭС құрылысын қолдаудың қажеттілігін түсіндіруге бағытталғанын атап өтті.
«Мемлекет тағдырына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен және оның пікірін ескере отырып қабылданады. Президентіміз ұстанған саясаттың бұлжымас қағидасы – осы. Бұл – біздің қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптасқанының көрінісі. Біз әр қадамды нық басып, реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Түпкі мақсат – оны әр азамат, әр отбасы сезінуге тиісті», – деді ол.
Штаб мүшелері Саламат Ыдырысов, Асылбек Нұрмышев, Нұрлан Сүйінбаев, Дүйсенбек Құлжанов бұл бастаманың маңыздылығын талқылап, осы ірі жобаны іске асыру арқылы жаңа мүмкіндіктердің пайда болатыны туралы айтты.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Дүйсенбек Құлжанов электр энергия тапшылығы бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде айрықша сезілетінін атап өтті. Былтырғы қорытынды бойынша дефицит 3,1 млрд кВт/сағ құрады. Салыстыру үшін айта кетсек, орташа есеппен 100 мың тұрғыны бар бір қала 700 млн кВт/сағ тұтынады дейді.
Кездесуде колледж ұжымы АЭС салу бойынша сұрақтарын қойып, штаб мүшелерінен тиісті жауаптарын алды.