Анасы мен қызын озбырлықпен өлтірген: күдіктінің әйелі төртінші баласына жүкті
Оқиға Түркістан облысында болған

Журналист Гүлмира Әбіқай Instagram парақшасында Түркістан облысының Керегетас ауылында анасы мен қызын айуандық өлтірген іске қатысты тың дерек жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қолға түскен күдікті анасын кірпішпен ұрып өлтірсе, 10-сыныпта оқитын қызын алдымен зорлап, артынша қинап өлтірген.
«Шағын ғана Керегетас ауылы (Түркістан облысы). Нұрия ауыл мектебінде аспаз, 3 қыздың анасы. Отағасы 15 жыл бұрын қайтыс болған. Үлкен екі қызын күйеуге беріп, кішісі 15 жастағы Нұриямен тыныш қана тұрып жатқан отбасы еді. Сары үйректей томпиған қызына жыл бұрын мектептегі дене шынықтыру мұғалімі қырындап, мазасын алады. Мұндай жағдайды түсінбеген балауса қыз мән-жайды анасына жеткізген. Анасы директорға шағымданып, Абай ағайды мектептен шығарып жібереді. Оқиға мұнымен тынған жоқ. Көрген жерде кектеніп, қорғаусыз қыз бен әйелдің мазасын алған еркек ақыры түн жамыла келіп екеуін де өлтіріп тынды. Анасын ұйықтап жатқан жерінен кірпішпен басынан ұрған, ол төсегінде сеспей қатады. Ал Нұрияға білгенін істеген, куәгерлер видеосын салдым. Тыңдаудың өзі қорқынышты.
Ендігі мәселе, марқұмдардың артында қалған қыздары ( жастары 21-19) барша жұрттың бұл қайғының ақиқатын анық біліп, тергеудің әділ жүруіне жанашыр болуын сұрайды», - деп жазады ол.
Оның айтуынша, ауыл жұрты жиылып, қандықол күдіктінің үйіне барған. Олар қанышер сотталып, қалған үрім-бұтағының бұл ауылдан жыраққа көшіп кетуін талап етіп отыр.
«Куәгерлер айқай-шуды естіп үйге кіргенде Нұрияның тірі, ыңырсып жатқанын айтады. Жедел жәрдем 1,5 сағаттан соң, полиция одан да кеш келіпті.
Күдікті 3 баланың әкесі, отбасы бар еркек 29 жаста. Әйелі 4-іне жүкті.
Қатыгез өлім тағы қайталанды. 15 жасар Нұрия дәл Салтанат сынды азапталып, қиналып қайтыс болды.
Бүкіл бөлме қанға бөкті, дегенмен ол ыңырсып дауыс беріп көмек күтіп жатты. Үміті өшпеді… Бірақ, жедел жәрдем 1,5 сағаттан соң келді. Полицияны жедел жәрдемдегілеп шақырды дейді куәгерлер», - дейді журналист.
Гүлмира Әбіқайдың айтуынша, қазір анасы мен қыздың жайын білмекке кіріп, төбе шашы тік тұрған көрші әйел ауырып қалыпты. Ал артында қалған екі қыздың үлкені сұлқ түсіп жатып қалған.
«Әпкем өзін-өзін тастап жіберді, жағдайы тым ауыр. Психологтың көмегі қаже» деп шырқырап жазыпты Райхан.
Айналайын, жақын маңдағы ауыл жұрты, әкімдіктегі мырзалар!
Басына кенеттен қайғы түскен қыздардың жасы 19 бен 21-де. Бір күнде 2 адамынан айырылып отыр. Қарайласыңыздар!» - деді ол.
Айта кетейік, осыған дейін күдіктінің мектеп оқушысын анасымен бірге өлтіргені туралы хабарланған болатын.