Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, жағдай тұрақты бақылауда
Алматы облысында сібір жарасымен ауырғандар саны 11-ге жетті. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«9 қыркүйектегі мәлімет бойынша 16 адам ауруханаға жатқызылды. Олардың 11-інде «сібір жарасы» диагнозы расталды, 4 адамның нәтижесі теріс, тағы бір науқастың талдауы нақтылануда. Барлық науқастар қажетті ем алып жатыр, олардың жағдайы тұрақты», – делінген хабарламада.
Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлының айтуынша, аурудың таралуы байқалмайды, жағдай бақылауда.
«Біз аймақ тұрғындарын қырағы болуға шақырамыз: ет пен ет өнімдерін тексерілген жерлерден сатып алып, мал күтімінде сақтық шараларын ұстану керек», – деді ол.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев эпидемиологиялық ошақты оқшаулау, санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейту және халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы тапсырма берді.
Еске сала кетейік, биыл 1 қыркүйекте Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу ауылдық округінде сібір жарасына күдікпен төрт жағдай тіркелген болатын. Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу ауылында карантин енгізіліп, эпидемиологиялық ошақ оқшауланған.