Тоқаев Якутия басшысын қабылдады

Автор: Azattyq Rýhy

Якутия басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Астанаға арнайы келген

Фото: Ақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Саха Республикасының (Якутия) басшысы Айсен Николаевты қабылдады. Бұл туралы Azattyq  Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Астанаға арнайы келген Айсен Николаевпен кездесуде өңіраралық ықпалдастықты нығайту және екіжақты байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлер арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамыту Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастардың ажырамас бөлігі саналатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Саха Республикасымен өнеркәсіп, сауда, IT-сектор, ауыл шаруашылығы және кен игеру индустриясы секілді түрлі салаларда ынтымақтастықты күшейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар екеніне назар аударды.

Өз кезегінде Айсен Николаев көрсетілген сый-құрмет үшін алғыс айтып, Якутия мен Қазақстан арасындағы байланыстарды кеңейтудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ол басым бағыттарда бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізіп, алдағы уақытта екіжақты байланыстардың нығая түсетініне сенім білдірді», – делінген хабарламада.