Ақтөбеде лазерлік және отты шоу көрсететін субұрқақ ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Мамандардың айтуынша, бұл субұрқақтың елімізде өзге баламасы жоқ

Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

Ақтөбеде орталық саябақта лазерлік және отты шоу сүйемелдейтін жаңа субұрқақ іске қосылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мамандардың айтуынша, бұл субұрқақтың елімізде өзге баламасы жоқ. Осы тектес субұрқақтар өзге қалаларда бар, бірақ бір мезгілде лазерлік және отты шоу көрсететін музыкалық субұрқақ бірінші болып Ақтөбеде орнатылып отыр.

Бұл - жарық шамдары, одан бөлек лазерлік және фаер-шоу түнгі мезгілде ерекше көрік беретін заманауи музыкалық субұрқақ. Биіктігі 38 метрге дейін жететін бұл субұрқақта 40-тан астам әуені бар аудиожүйесі бар.

«Жөндеу жұмысы барысында 10 жыл бұрын пайдалануға берілген тоғанның бетон ыдысы қалпына келтірілді, гидрооқшаулау жұмыстары жасалды. Жалпы, бұл жерде фонтанға да, тоғанға да ерекше сән беретін күрделі жұмыстар орындалды. 

Мамандар мұны екі айға жуық уақытта аяқтап отыр. Бұл жерде лазерлік шоу және отты фаер-шоу да субұрқақпен бірге іске қосылды. Қыркүйек айының соңына дейін субұрқақ жұмысы жалғасады. Күн жылы болса қазан айында да жұмыс істейді. Мердігер қыс мезгіліне консервацияға жауып, келесі маусымда барлық жүйесін қосуды міндетіне алып отыр», - деді Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет.

Субұрқақ алдағы уақытта қалыпты жұмыс істейді, кешке жарықтандырылады. Ал музыка, от және лазерлік шоу-бағдарлама сенбі және мереке күндері кешке қосылады.

«Жалпы, фонтандар бойынша қала тұрғындары тарапынан бүгінге дейін көп сын айтылып келеді. Тұрғындардың реніші орынды екені де анық. Себебі, субұрқақтар қалаға көрік береді, қалалық ортаны қалыптастырады. Субұрқақтардың көпшілігінің тозығы жеткен, су ұстамайды, қосу элементтері ескірген. Жөндеу көрмегендіктен, соңғы 4-5 жылдан бері істен шығып, проблема туғызып келді. Сондықтан, биыл бірқатарын жөндеуге кірістік, келесі маусымға дайын болу үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деп атап өтті қала әкімі.