Оған 5 тәулік мерзімге қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды
Астанада такси жүргізушісі балалы келіншекке дөрекілік танытып, жолаушының ерекше баласын шынтағымен ұрып жіберген. Сот такси жүргізушісін 5 тәулікке қамау туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде такси жүргізушісінен жәбір көрдім деген келіншектің видеосы тарады. Ол ерекше баласы абайсызда такси орындығына аяғын тигізіп, бүлдіріп алғанын, ол үшін әйел кешірім сұрап, оны сүртіп алғанын айтады. Бірақ ашуға мінген жүргізуші баланы шынтағымен ұрып, ауыр-ауыр сөздер айтқан.
«Мұндай жағдаймен бірінші рет кездесіп тұрмын. Олар картамен жүреді ғой, сол карта бойынша келген жақта жол жабық болып шықты, ол ашулана бастады. Ол жақта жолдың жабық екенін қайдан білейін? Мен үнсіз отырдым, өйткені бұл адам менен үш есе үлкен. Жеткен соң ол көліктен түсіп, маған айғайлай бастады. Мен ол адамнан қорқып, ештеңеге жауап бермедім. «Яндекс.Такси» жүргізушілерді қалай таңдайтынын түсінбеймін», – дейді жәбірленуші.
Сотта такси жүргізушісінің қоғамдық жерде бола тұра, агрессиялық әрекет, психикалық қысым көрсетіп, Н. мен оның жас баласына қатысты былапыт сөйлегені анықталды. Сот отырысы барысында құқық бұзушы кінәсін мойындамады, хаттамамен келіспеді. Дегенмен жасалған құқық бұзушылық әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамада, полиция инспекторының баянатында, жәбірленушінің түсiнiктемесінде көрсетілген нақты деректермен расталды.
«Жоғарыда келтірілген мән-жайларды ескере отырып, сот қаулысымен О. ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 5 тәулік мерзімге қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды», - делінген Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсынған хабарламада.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.