АЭС құрылысы бизнестің дамуына зор серпін береді – Райымбек Баталов

Автор: Молдатай Сымбат

«Атамекен» ұлттық палатасы бұл бастаманы толық қолдайды

Фото: «Атамекен» ұлттық палатасы

Бүгін Үкімет Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы бастама көтерді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Райымбек Баталовтың пікірінше, біз ұзақ мерзімді перспективада шешуші рөл атқаратын және елдің одан әрі экономикалық, саяси, әлеуметтік даму векторын айқындайтын маңызды таңдау алдында тұрмыз, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен бірнеше маңызды аспектілерді қысқаша атап өтейін. Біріншіден, АЭС – тұрақты энергиямен қамтамасыз ететін негізгі көз.  Бұл бизнесті дамытуға керемет мүмкіндік. Әсіресе, тау-кен және металлургия, машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және басқа да көптеген энергияны қажет ететін салалар үшін маңызды. Жалпы, шағын және орта бизнес көміртекті бейтараптықты табысты іске асыру үшін электр энергиясын жеткізуді қажет етеді. Елімізге барлық шикізаттық емес салаларды әртараптандыру қажет. Бірінші кезекте – бұл жаңартылатын энергетика және атом энергетикасы үшін таза энергияның базалық генерациясына айналуы мүмкін. Аталмыш саланы қолға алу – біздің экспорттық өнімді сатуға арналған көміртегі салығын азайтуға мүмкіндік береді», - деді Баталов.

Референдум қарсаңында еліміздің бірнеше өңірлерінде қоғамдық тыңдаулар өтті. Мамандар бұл тақырыпты қызу талқылап, түрлі пікірлерін білдіруде. Олардың көпшілігі Қазақстанның бейбіт атом энергиясынан қуат алатын алпауыт ел болғанын қалайды, деді басқарма төрағасы.

«Екіншіден, АЭС салу және пайдалану ілеспелі салалардың дамуын ынталандыратын озық технологияларды, соның ішінде ІТ және инновациялық шешімдерді енгізуді талап етеді. Соңғы екі жылда біздің мамандар Түркия және басқа да өңірлерге барып, шағын, орта және ірі бизнестің жаңа технологиялармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеріп келді.

Үшінші маңызды аспект – жұмыс орындарын құру және адами ресурстарды дамытуға байланысты. Осы тұрғыда білім беру мәселесін де айта кеткен жөн. Жоғары технологияларды меңгеру шағын, орта және ірі бизнестің дамуына сөзсіз серпін береді», - деді Райымбек Баталов.