СҚО-да коронавирус жұқтырған 30 адамның 29-ы сырқатынан айықты

Автор: Azattyq Rýhy

СҚО мамырдың 4-і күні карантиннің жеңілдетілген талаптарына көшті

Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустан тағы бір адам емделіп шықты. Бүгінгі күні Петропавл инфекциялық ауруханасында аталған дертке шалдыққан бір науқас қана қалды. Коронавирус диагнозы қойылған 30 адамның 29-ы сырқатынан айығып, үйлеріне жіберілді. Осылайша стационарлық карантинде бір адам ғана қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырудың 30 фактісі тіркелген болатын. Соңғы 5 адам шеттен келген. Атап айтар болсақ, екеуі – Лондоннан оралған отандастарымыз. Екеуі жұмыс бабымен Ресейден келген солтүстікқазақстандықтар және тағы бірі Қызылжар өңіріне көктемгі егістік жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында келген Ақмола облысының тұрғыны.

«Бүгін сырқатынан айыққан тағы бір азамат ауруханадан шығарылды. Ол Мамлют ауданының тұрғыны. Коронавирус дертін Ресейге барған сапарында жұқтырған. Осы сағатта провизорлық стационарда 46 адам, карантиндік стационарда 120, үй карантинінде 585 тұрғын бар. Бір адам коронавриустан емделіп жатыр. Жағдайы тұрақты. Жақын күндері ол да үйіне жіберілуі тиіс», - деді Солтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева.

Солтүстік Қазақстан облысы мамырдың 4-і күні карантиннің жеңілдетілген талаптарына көшті. Ірі кәсіпорындар мен сауда орталықтары жұмысқа қайтата кірісті. Тұрғындардан қоғамдық орындарда міндетті түрде медициналық маска киіп жүру талап етіледі. Блок-бекеттер жабылған жоқ. Саяжайларға баруға рұқсат етілді. Ал жасы 65-тен асқан адамдарға далаға шығуға тыйым салынған. Барлығы 45 мың адам бір айлық карантиннен кейін жұмысқа қайта шықты. Облыс орталығында әзірге қоғамдық көлік қатынасы жоқ.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО