Ақтауда сот арқылы лауазымына оралған полиция бастығы тағы да қызметінен босатылды

Автор: Azattyq Rýhy

Қаулы заңды күшіне енді

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Ақтауда түнгі клубтағы төбелестен кейін жұмыстан қуылып, кейіннен сот арқылы лауазымын қалпына келтірген Ақтаудағы жергілікті полиция қызметінің бастығына қатысты сот қайтадан қызметінен босату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы полицейді бұрынғы лауазымына қайта тағайындау туралы бірінші сатыдағы Ақтау қаласының №2 сотының шешімінің күшін жойды.

Сотта О. 2022 жылдың қараша айынан бастап Ақтау қаласының полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы қызметін атқарғаны, 2023 жылы 27 қарашада  облыстық полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы О-ға қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағаны анықталды. 27 қараша 2023 жылы тәртіптік комиссия шешімі негізінде О-ны «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның негізінде жұмыстан босатты.

Облыс прокуратурасының 2024 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен О-ға қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды. Осыдан кейін О. Ақтау қаласының №2 сотына жүгініп, өзіне қатысты қылмыстық іс, құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылғанын, сол себептен депаратменттің жұмыстан босату туралы бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жоюды, бұрынғы атқарған лауазымына қайта тағайындап, жауапкерден жалақы өндіруді сұрады. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырды.

Алайда апелляция сот алқасы басқалай шешім қабылдады.

«Сот алқасы істің материалдарын зерделеп, бірінші сатыдағы сот материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбады, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін дұрыс анықтамай, шағымданатын сот шешімінің күшін жоюға негіз болып табылады деген қорытындыға келді.Апелляция сот алқасының қаулысымен Ақтау қаласының №2 сотының шешім күші жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдады.Жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырылды», делінген облыстық соттың хабарламасында.

Қаулы заңды күшіне енді.