Алакөлге саяхат: Үшарал әуежайында қосымша терминал салынады

Автор: Молдатай Сымбат

Сағатына 125 жолаушыға қызмет көрсетілуі тиіс

Фото: primeminister.kz

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Жетісу облысына ресми сапармен барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алакөл ауданы Үшарал қаласының әуежайында реконструкциялау нәтижесінде ірі әуе кемелерін қабылдай бастаған ұшу-қону жолағы туралы есеп берілді. Нысаннан Астана, Алматы, Талдықорған қалаларына рейстер орындалады. Биыл әуе рейстерін субсидиялауға 653 млн теңге бөлінді, бұл құны 8-18 мың теңге болатын 20 мыңға жуық билетті сатуға мүмкіндік берді.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қабілеті сағатына 75 жолаушыны құрайтын Үшарал қаласы әуежайындағы қосымша терминал құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын баяндады.

«Қазіргі инфрақұрылымды ескере отырып, нысандар сағатына 125 жолаушыға қызмет көрсететін болады. Жалпы, өткен жылы өңірге 2 млн демалушы келген, 17 жаңа туризм нысаны іске қосылып, 3,5 млрд теңге жеке инвестиция тартылды», - деді ол.

Туризм саласын одан әрі дамыту үшін Үкімет басшысы инвестиция тарту және тиісті инфрақұрылым құру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, Олжас Бектенов биыл өңірдің АӨК саласын қаржыландыру көлемі ұлғайтылғанын атап өтті.

Шағын және орта бизнес несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды арттыруға 23 млрд теңге қаражат аударылды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдікпен бірлесіп, ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу секторын дамытуға баса назар аудару тапсырылды.