Жаңа Зеландияда 300-ден астам отбасыға таратылған кәмпиттерден психотроптық зат табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Әр кәмпиттегі метамфетамин мөлшері стандартты дозадан 300 есе артық болып шыққан

Фото: Shaun Hill/NZ Drug Foundation/AP

Жаңа Зеландияның Окленд қаласындағы үйсіздерге көмектесетін қайырымдылық ұйымы қателікпен метамфетаминге толы кәмпиттерді азық-түлік пакеттеріне салып, 300-ден астам отбасыға таратып жіберген. Кәмпиттерді белгісіз біреу қайырымдылық ретінде берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy CNN-ге сге слтеме жасап.

Қайырымдылық қорының мәліметінше, қызметкерлер 400-ге жуық адаммен байланысып, метамфетамин қосылған кәмпиттерді таратып жіберген пакеттерді қайтаруға тырысуда. Жаңа Зеландия полициясы бұл жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Жаңа Зеландияның есірткіге қарсы қорының мәліметінше, әр кәмпиттегі метамфетамин мөлшері стандартты дозадан 300 есе артық болып, өлімге әкелуі мүмкін. Қордың өкілі Бен Биркс Ангтың айтуынша, мұндай есірткіні зиянсыз зат ретінде жасырып тарату халықаралық контрабанданың кең таралған әдісі болып табылады.

Қалалық миссияның (қайырымдылық қоры – авт) өкілі Хелен Робинсонның айтуынша, сейсенбі күні сегіз отбасы, оның ішінде бір бала, аталған кәмпиттерді жеп қойғанын хабарлаған. Ешкім ауруханаға жатқызылмаған, өйткені кәмпиттердің «жағымсыз» дәмі олардың көбін бірден түкіріп тастауға мәжбүрлеген.