«Париж-2024» соңғы жиырма жылдағы ең шығыны аз Олимпиада атанды

Автор: Azattyq Rýhy

Дизель-генераторлардан бас тарту құнды тәжірибе деп танылды

Фото: ҰОК

Париж Олимпиадасы соңғы жиырма жылдағы ең бюджеттік Олимпиада болды: Standart & Poor's аналитикалық агенттігінің мәліметі бойынша, оған жұмсалған шығындар 9 миллиард еуроға жуық болды. Бұл француз астанасында спорттық инфрақұрылымның алдын ала дайын болуының арқасында мүмкін болды, ұйымдастырушылар тек бар нысандарды бейімдеп, жөндеуден өткізді, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.

Франиция Олимпиадаға арналған жаңа ірі нысандарды салған жоқ, ал көптеген құрылыстар уақытша ғана орнатылды.

Сонымен қатар Париж Олимпиадасын ең «жасыл» деп атайды. Француздар – заманауи Олимпиада ойындары тарихында алғаш рет барлық іс-шараларды тек қаладағы энергетикалық инфрақұрылымның көмегімен және электр қуатымен қамтамасыз етуді шешкендерін айтады. Бұған дейінгі Олимпиадаларда кеңінен қолданылған дизель-генераторлар Парижде тек апаттық жағдайлар үшін ғана қажет саналды.

Келесі Олимпиада Лос-Анджелесте өтеді. Оның ұйымдастырушылары Париждің бұл тәжірибесін мұқият зерттеп, өздерінде қолдануды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді.