«Ауылдың астаң-кестеңі шықты»: Ақтөбе облысында қатты дауыл соғып, ондаған үйге зақым келді

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл ауыл аудан орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан

Фото: «Мой Город», «Диапазон»

Ақтөбе облысында қатты дауыл соғып, ондаған үйге зақым келтірді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой Город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ойыл ауданының Көсембай ауылында қатты жел 9 тамыз күні сағат 21:30 шамасында соқты. Дауылдың күші соншалық, электр желілерінің тіректерін, қоршауларды құлатып, үйлер мен ғимараттардың шатырын жұлып кетті. 

«Ауылдың астаң-кестеңі шықты деп айтуға болады. Сиырлар өкіріп, қойлар бақырып... Мал далаға қашты. Бағаналар құлап, ауылды қою қараңғылық басты. Ең бастысы, адамдар тірі. Жел басылғаннан кейін жұрт көшеге шығып, құлаған шатырлардың астында қалған малды шығарып алды», - дейді тұрғындар.

Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, Қайыңды ауылдық округінің Көсембай ауылындағы қатты желдің салдарынан 51 ғимараттың, оның ішінде 35 үйдің шатыры зақымданған. Ауылда барлығы 74 үй, 380 тұрғын бар. Ауыл тұрғындары құтқарушылармен бірге құлаған ағаштарды, шатырларды алып тастады.

Ауылда тоғыз электр тірегі құлады, оның жетеуі қалпына келтірілді, ол жерде «Энергожүйе» бригадалары, 5 арнайы техника бірлігі бар 15 қызметкер жұмыс істейді. Барлық тірек қалпына келтірілгеннен кейін электр іске қосылады.

Көсембай ауылы Ойыл ауданының орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан.