Париж – 2024: Қазақстан құрамасы 26-орынға көтерілді

Автор: Azattyq Rýhy

Ел қоржынында  1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль бар

Фото: olympic.kz

Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы медальдар кестесінде бірнеше сатыға жоғарылады. Бұған спорттық гимнастикадан Нариман Құрбановтың күміс жүлде иеленгені әсер етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін Қазақстан құрамасы жалпы есепте 29-орында тұрған болатын. Ал Нариман Құрбановтың жүлдесінен кейін еліміз 26-орынға көтерілді.

Ел қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль бар.

Ал, жалпы медальдар саны бойынша Қытай құрамасы бірінші орында тұр. Олардың еншісінде Париж олимпиадасының 16 алтын медалі бар. Одан бөлек, қытайлық спортшылар 11 күміс, 9 қола жүлдені еншіледі. Ал екінші орында – Австралия құрамасы. Олардың еншісінде 12 алтын, 7 күміс, 5 қола бар. Үздік үштікті 11 алтын, 20 күміс, 20 қола жүлдемен АҚШ құрамасы түйіндеп тұр.

Еске сала кетейік, Париж қаласында өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 11 тамызда аяқталады.

Олимпиада ойындарына әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысып, 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.