Бұрынғы зілтемірші қазір Алматыда күзетші болып жүр
Әйгілі қазақстандық зілтемірші Алмас Өтешов қазір Алматыда күзетші болып жүр. Атлеттің мұндай күйге түсуіне допинг дауы да үлкен себеп болғаны анық. «Уақыт көрсетеді» YouTube арнасына берген сұхбатында экс-зілтемірші спортшылардың тыйым салынған препараттарды қолданатынын ашып айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өз сөзінде Алмас Өтешов спортшылар тыйым салынған препаратсыз ауыр салмақтағы зілтемірді көтере алмайтынын айтып өтті.
«Пропионат, тестостерон, станозолол секілді гармоналды препараттардың бәрін іштік. Ал оны ішпесең көтере алмайсың. Денемнің таза 200 келіден артық көтеруге шамасы жетпейді. Ал допингтің көмегімен 230 келіге дейін болады», - дейді Алмас Өтешов.
Сөз арасында қамауда отырған бұрынғы министр Талғат Ермегияевтің Халық ауыр атлетика федерациясымен тығыз жұмыс істегенін, оның сол уақыттағы басшысы Тамаш Аянмен жақсы қарым-қатынаста болғанын тілге тиек етіп өтті.
Сөзін жалғай отырып, сол кезеңдегі ауыр атлеттердің бас бапкері Алексей Ни бәрін бүлдіргенін қозғап өтті.
«Ішкізетінін ішкізді, салатынын салды. Дәрі-дәрмектің бәрін Қытай немесе Ресей әкеліп берген жоқ. Өзіміздің Үкімет ұсынды. Бәрін бүлдіріп жүргеннің бірі – экс-бапкер Алексей Ни. Ұстап алып, соттау керек. Бәріне кінәлі сол .Қазір Қазақстан да жоқ. Бізге 2006 жылы 30 млн долларым бар деп мақтанатын», - дейді Алмас Өтешов.