Біртанов Алматыдағы дәрігерлермен онлайн жиын өткізді

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы Министр Facebook парақшасында жазды

Фото: ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматының Орталық клиникалық ауруханасы қызметкерлерімен онлайн жиын өткізді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Штабта біз Алматы Орталық клиникалық ауруханасындағы қызметкерлердің жаппай вирус жұқтыру мәселесін кезекті рет талқыладық. Штаб жұмысының қорытындысы бойынша әріптестеріммен онлайн жиын өткізуді шештім. Кешке қарай осы клиниканың дәрігерлерімен сөйлестім. Туындаған мәселелерді тыңдадым, конструктивті әңгіме болды», - деп жазды министр.

Онлайн жиынға Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, кәсіподақ ұйымдары мен медицина қызметкерлері қатысқан. 

«Аурухана қызметкерлері үстемеақы төлеу бойынша эмоцияға толы посттар жазып жатыр. Онда жұмыс барысында науқастардан вирус жұқтырғандарын жазуда. Осыған байланысты аурухана қызметкерлері өтемақы төлеуді талап етуде. Біз олардың өтінішіндегі әр тарауды қарап шықтық. Жағдайдың ауыр екенін және осы жайт төңірегінде түрлі пікірілер айтылып жатқанын ескере отырып жергілікті атқарушы органдарға, қаланың денсаулық сақтау басқармасындағы әріптестерімді ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі №129 бұйрығына тағы да мән беруге шақырдым. Онда құзыреттілік құрылған комиссияға берілген. Олар алғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне төлем жасау үшін жағдайды анықтап, соның қорытындысы бойынша шешім шығарады», - деп жазды министр.