«Төбемнен жай түскендей әсер қалдырды»: Қайрат Жолдыбайұлы ішімдікпен ұсталды деген имам туралы айтты
Ол өз сөзінде бұл имамға жасалған қастандық болуы мүмкін екенін де айтып өтті
Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы Facebook парақшасында ішімдік ішіп ұсталды деген Қостанай облысының имамына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол өз сөзінде бұл имамға жасалған қастандық болуы мүмкін екенін де айтып өтті.
«Қостанай облысының білдей бір бас имамы ішімдік ішіп, көлік жүргізіп, қамауға алынды деген ақпарат төбемнен жай түскендей әсер қалдырды. Екі күннен бері ішім алай-дүлей. Бұл ұятты жағдайға сенгім келмейді. Бәлкім әдейі ұйымдастырылған қастандық шығар. Қымызға яки басқа бір тағамға бір нәрсе араластырып әдейі ішкізіп, сосын арнайы тапсырыспен ұстатты ма екен? Егер имамның ары таза болса, адвокат жалдап, өзін қорғауы тиіс. Ал рас болса, онда бас мүфти өз еркімен қызметінен кетуге тиіс. ҚМДБ түбегейлі реформалануы шарт», - деп жазды дінтанушы Facebook парақшасында.
Айта кетейік, осыған дейін Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет Бурабайда мас күйінде көлік жүргізген жерінен ұсталып, он бес тәулікке қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады.