«Көктал» тұрғын алабында саябақ құрылысы басталды
Елорданың шеткері аймағында саябақ құрылысы басталды. Саябақ аумағында 8 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева Facebook парақшасында хабарлады.
Саябақ аумағы тыныш демалыс аймағы, белсенді демалыс аймағы және балалар демалыс аймағы болып 3-ке бөлінеді. Елорда әкімі Алтай Көлгінов «Көктал» паркінің құрылыс барысымен танысты.
«Тұрғындармен кездесулерде, азаматтарды қабылдау барысында олар саябақтар мен тынымбақтарды абаттандыру мәселесін көтереді. Елдімекендерді дамытуға көп көңіл бөлеміз. Қазір елдімекендерде 4 ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып жатырмыз. Бұл бұқаралық спортты дамытып, жастардың денсаулығын нығайтуға көмектеседі», - деді Алтай Көлгінов.
Сонымен бірге, оның айтуынша, ашық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары басталған.
«Бұл парк тұрғындардың сүйікті орындарының біріне айналуы үшін жұмысты сапалы орындау қажет. Автоматты суару жүйесін ойластыру керек», - деп түйіндеді әкім.