«Биология пәнінен сабақ береді»: Абай облысында мектеп мұғалімі шетелдік әншімен бірге ән жазады

Автор: Azattyq Rýhy

Ерқанат қазір басқа да ірі шетелдік әртістермен келіссөздер жүргізіп жатыр

Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысында мектепте биология пәнінен сабақ беретін мұғалім испан тілді әнші Rosaliaмен бірге жаңа ән жазады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әкімдіктің мәліметінше, Абай ауданының мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының мұғалімі Ерқанат Садуханов Eraholic лақап атымен танымал. Жақында оған әлемге әйгілі испандық әнші Розалиядан жаңа әнді бірге жазуға ұсыныс түсті.

Eraholic бұрын танымал шетелдік әнші Dua Lipaмен жұмыс істеген. Енді өз қабілетін тағы шыңдап, өзін жаңа бағытта сынап көрмек. 
Оның айтуынша, әнші өзі ұсыныс айтып байланысқа шыққаннан кейін бірге жұмыс істеуге келіскен. Болашақ туынды Қазақстанда танымал болып келе жатқан реггетон стилінде латын мотивтерінде жазылады.

Сонымен қатар Ерқанат қазір басқа да ірі шетелдік әртістермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Әсіресе жас әртістермен бірге жұмыс істеп жүр.