Нұр-Сұлтанда көлік қозғалысына өтінім беру автоматтандырылды

Автор: Azattyq Rýhy

Шағын және орта бизнес өкілдері өтінішті «iQala» қалалық қызмет көрсету орталығы арқылы бере алады

Фото: astana.gov.kz

«iQala» қалалық қызмет көрсету орталығы шағын және орта бизнес өкілдері үшін Нұр-Сұлтан қаласында автокөлік қозғалысына рұқсат алу қызметін автоматтандырды. Бұл қызмет Нұр-Сұлтан қаласында рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізіміне кіретін шағын және орта бизнес өкілдері үшін қолжетімді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өтінімді msb.iqala.kz порталына компьютер немесе ноутбук арқылы ғана бере аласыз. Заңды тұлғаның электронды цифрлық қолтаңбасы қажет. Сондай-ақ мынадай минималды мәліметтер жиынтығы қажет: ұйымның бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН), жүргізушінің / жолаушының ЖСН-ы, автокөліктің тіркеу нөмірі, байланыс телефоны мен электронды пошта және қозғалыс мақсаты», – делінген хабарламада. 

Портал арқылы бір компания үш өтінімге дейін бере алады. Олардың әрқайсында төрт автокөліктен көп емес және әр автокөліке он қызметкерге дейін мәлімет беруге болады. Өтініштер қалалық жедел штабта қаралып, «Сергек» жүйесіне жіберіледі. «Сергек» жүйесінен өңдеуге қатысты рұқсат алғаннан кейін өтініш берушінің электронды поштасына өтінішті қарау нәтижелері туралы хабарлама жіберіледі.

Айта кету керек, «iQala» қалалық қызмет көрсету орталығы мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдету және автоматтандыру мақсатында құрылған. Бүгінгі таңда iqala.kz порталында Нұр-Сұлтан қаласының түрлі ұйымдарының жеке және заңды тұлғаларына арналған 129 қызмет түрі қолжетімді.