Алматыда нөсер жауыннан сауда орталығының маңын су басты

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл жерде тиісті мамандар жұмыс жүргізуде

Бейнеден кадр

Бүгін, 10 шілдеде жауын-шашынның мол түсуіне байланысты әл-Фараби даңғылындағы «Есентай-Молл» СОО маңында жаңбыр суы жиналып қалған. Бұл туралы Алматы әкімдігі ресми ақпарат таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы әкімдігі бұл жерге Бостандық ауданы әкімдігінің мердігер ұйымы және «Алматы су» коммуналдық қызметінің техникасы, Алматы ТЖД сорғы станциясы жіберілгенін мәлім етті.

«Сонымен қатар Жәңгір хан көшесі бойындағы Ерменсай шағын ауданында Алматы қаласы әкімдігінің құтқару қызметінің арнайы техникасы алдын ала жіберіліп, стационарлық сорғылар дайындыққа келтірілді. Жауын-шашын салдарынан судың локальді жиналуы орын алды. Бұл жерде Алматы қаласы әкімдігінің құтқару қызметінің, Бостандық ауданының мердігер ұйымы «Стам Сервис» ЖШС күштері жұмыс істейді, олар «Илосос» арнайы техникасының, сондай-ақ екі стационарлық сорғының көмегімен су соруды жүргізеді», - делінген хабарламада.

Ал қала тұрғындары желіде әл-Фараби даңғылының жоғары жағында бұршақ жауғанын және жерасты өткелдері жаңбыр суына толып кеткені туралы жазып жатыр.