Депутаттар СҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге арналған үйлердің қалай салынып жатқанын тексерді

Автор: Azattyq Rýhy

Мәжілісмендер су тасқынынан зардап шеккен СҚО тұрғындарымен кездесті

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

10 шілде, Солтүстік Қазақстан облысы. Қызылжар ауданы Большая Малышка ауылында көктемгі су тасқыны кезінде 300-ден астам үй зардап шекті. Бүгінде аталған елді мекенде оларды қалпына келтіру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода, сондай-ақ Сенат депутаты Әсем Рахметова жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысып, тұрғындарының сұрақтарына жауап беру үшін ауылға арнайы келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Большая Малышка ауылында 321 үйдің 66-сы апатты жағдайда деп танылды. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың бір бөлігі осы аудандағы іргелес ауылдарда және Петропавлда жаңа тұрғын үй алуға тиіс. Ал енді бір бөлігі үй жөндеуге қажет материалдық көмек алды. Павел Вожжовтың үйі бір айға жуық уақыт 1,5 метр су астында қалды. Қазір күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде.

«Үйді қалпына келтіруге 5 млн 700 мың теңге бөлінді. Менің ойымша, бұл жеткілікті. Материалдар сатып алынып, жөндеу жұмыс басталып кетті. Оны мерзімінде аяқтау – аса маңызды. Қазірдің өзінде бөренелер ауыстырылып, еден төселді. Жөндеу жұмысы шілде айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Құрылысшылардың атқарып жатқан жұмысына дән ризамын», - деді Павел Вожжов.

Алайда, тұрғындардың бәрі бірдей сарапшы бағалаушылардың пікірімен келісе бермейді. Мәжіліс депутаттары бұл Солтүстік Қазақстан облысы азаматтарын толғандырған ең өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар сметаны қайта қарауды, қосалқы құрылыс нысандарын заңдастыруға қол ұшын созуды, сондай-ақ меншік құқығының болмауына байланысты мәселелерді шешуге көмек көрсетуді сұрап отыр. Депутаттар әр жағдайға терең үңіліп, тұрғындарға өтемақы алу тәртібін түсіндіруде.

«Облыста зардап шеккен азаматтардың 90%-ы – Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының тұрғындары. Бұған дейін біз өтемақы төлеу ережелеріне назар аудардық. Өтемақы тек адам сол тұрғын үйде тіркелген жағдайда ғана төленеді деген норма болды. Мұны дұрыс емес деп санап, депутаттық сауал жолдадым. Бейінді министрлік бұл тармақты алып тастап жатыр», - деді Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода.

Большая Малышка ауылында 900-ге жуық адам тұрады. Бүгінде ауылда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынуда. Нысанды күзде пайдалануға беру жоспарланған болатын. Алайда құрылысшылар су тасқынына байланысты жұмысты мерзімінде аяқтап үлгере алмай жатыр. Бұл мәселені халық қалаулылары бақылауға алды. Қызылжар ауданында су тасқынынан барлығы 1546 үй зардап шекті. Бүгінде аудандағы 60-қа жуық тұрғын жаңа үйлерге қоныстанды.