Еліміздегі әскери медицинаның жай-күйі қандай?
Әскери бөлімдер мен мекемелерде 139 медициналық бөлімше жұмыс істейді
Қарулы күштердің Әскери медицина мамандары кәсіби мерекесін атап өтуде. Бұл мерекелік күн «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде кәсіптік және естелік күндерді белгілеу туралы» Қорғаныс министрінің бұйрығымен айқындалған. Бұл туралы Azattyq Rýhy қорғаныс ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Әскери медицина қызметінің құрылуын 1992 жылы ҚР Қарулы күштері Бас штабының Әскери-медициналық басқармасы құрылған кезден бастау алатынын атап өткен жөн.
Министрлік мәліметінше, Қарулы күштердегі емдеу-алдын алу қызметі құрамында емханалық бөлімшелері бар 8 әскери госпиталь мен 4 лазаретте жүзеге асырылады. Сонымен қатар әскери бөлімдер мен мекемелерде 139 медициналық бөлімше жұмыс істейді.
Пациенттерді диагностикалау мен емдеуге арналған озық жабдықтармен қайта жарақтандыруда кезең-кезеңдік жұмыстар жүргізілуде. Әскери дәрігерлер компьютерлік томограф, цифрлық рентгендік диагностика аппараттары, ультрадыбыстық және зертханалық диагностика аппараттарымен жабдықталған.
«Жыл сайын әскери-медициналық мекемелерде стационарлық жағдайда орта есеппен 18 мыңға жуық пациент ем алады. 180 мыңға жуық адам амбулаториялық ем қабылдайды. 2,5 мыңнан астам ота жасалады.
Жоғары медициналық білім беру және әскери интернатура бағдарламалары бойынша әскери дәрігерлерді Ақтөбе қаласында Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтының базасында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетімен бірлесіп дайындайды. Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламалары.
ҚР Ұлттық қорғаныс университеті әскери медицина кафедрасының базасында «Астана» медициналық университетімен бірлесіп игеріледі. Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Ресейде, Өзбекстанда, Арменияда, Қытайда және Түркияда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламалары бойынша әскери дәрігерлерді даярлау жүргізілуде. Қазіргі уақытта шетелдерде 38 курсант пен 21 офицер оқиды», - делінген министрлік хабарламасында.
Уақыт медициналық көмекті ұйымдастыру мен әскери медицинаның әлеуетін іске асырудағы мүмкіндіктерді кеңейтуде жаңа тәсілдерді талап етеді.
Мәселен, Бас әскери-медициналық басқарма әскери госпитальдар мен лазареттерге «Даму» медициналық ақпараттық жүйесін өтеусіз беру туралы келісім жасасты. Бұл дәстүрлі медициналық кітаптардан бас тартуға және тіркелген контингенттің денсаулығы туралы деректерді сақтаудың цифрлық форматына көшуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, әскери медициналық мекемелер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне белсенді түрде енгізілуде. Әскери мамандардың біліктілігі және заманауи емдеу-диагностикалық жабдықтар азаматтарға жоғары деңгейде мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
«Биыл Қорғаныс министрінің қолдауымен әскери-медициналық мекемелер мен бөлімшелерде ұйымдастырушылық-штаттық іс-шаралар өткізілді. Бұл шаралар мобильді медициналық бөлімше құруға, әскери қызметшілерді диспансерлеу мен емдеуде бірыңғай тәсілді айқындауға, медициналық бөлімшелерді басқаруды, диагностика мен дәрігерлік сараптаманың сапасын жақсартуға, ең бастысы шалғайдағы гарнизондардағы жеке құрамға дәрігерлік көмекті жақындатуға мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта әскери дәрігерлер, фельдшерлер, медбикелер, санитарлар барлық жерде құрметке ие. Оларға жоғары кәсібилігі, жанқиярлығы, пациенттерге деген мейірімі мен қамқорлығы үшін алғыс айтамыз», - деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.