Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласында бірнеше көшені су басты

Автор: Azattyq Rýhy

Атқарушы органдар су басқан үйлерді аралап, тексеріп жүр

Фото: Жамбыл облстық ТЖД баспасөз қызметі

Жамбыл облысының Жаңатас қаласында жауын-шашын салдарынан бірнеше көшені су басты. Бұл туралы Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 7 шілде күні сағат 17:00-де Сарысу ауданы Жаңатас қаласында жаңбырдың салдарынан Байсейітов, Есеев, Аяпов, Құрманғазы мен Клочков көшелерін су басты. 200-ден астам тұрғын үйдің ауласына су кіріп, 21 үй су астында қалды.

 «Сағат 19:00-дегі жағдай бойынша, су деңгейі төмендеді. Атқарушы органдар су басқан үйлерді аралап, тексеріп жүр. Жағдай бақылауда. Зардап шеккендер мен мерт болғандар жоқ», - деп хабарлады ТЖ департаментінен.

Жаңатас қаласына ТЖД-ның 43 құтқарушысы келіп, 20-дан астам техника жұмылдырылды. Оқиға орнына облыстық ТЖД бастығының орынбасары Руслан Орынбеков, өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Жеңіс Бақбергенов, сондай-ақ полиция мен аудандық әкімдік өкілдері тез арада жетті. Азаматтық қорғаныс қызметкерлерінен жедел штаб құрылды. ТЖД-да жедел штаб жұмыс істеп жатыр.