Астана әуежайының төбесінен су ағып жатқан сәттің видеосы тарады

Автор: Azattyq Rýhy

Әуежайдың баспасөз қызметі бұл жағдайға түсініктеме берді

Фото: nn-airport.kz

Астана халықаралық әуежайының жолаушылары ғимараттың төбесінен су ағып жатқан сәтті видеоға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желідегі видеодан әуежай еденін төбеден аққан су басып жатқаны көрінеді.

«07.07. 2024 жыл. Астана Әуежайы. Миллиардтар жұмсалған әуежайдың төбесінен су ағып тұр», - дейді бейнеролик авторы.

Әуежайдың баспасөз қызметі бұл жағдайға түсініктеме берді.

«Астана халықаралық әуежайында жөндеу жұмыстары кезінде су құбырына зақым келтірілді. Қазіргі уақытта біздің мамандар жағдайды түзету және жұмысты мүмкіндігінше тез қалпына келтіру үшін тәулік бойы жұмыс істеуде. Орын алуы ықтимал қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және түсіністік танытқандарыңызды бағалаймыз. Біз жолаушыларымыздың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды жасаймыз. Әуежай қызметкерлерінің нұсқауларын және әуежай жұмысындағы кез келген уақытша өзгерістерді көрсететін белгілерге мән берулеріңізді сұраймыз», - деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.