Ақмола облысында халықты баспанамен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде
Астана күніне орай Қосшы қаласында 20 отбасы пәтер иесі атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Ақмола облысында халықты баспанамен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Облыс орталығы мен Зеренді ауданындағы отбасылар жайлы үйлерден пәтер алып үлгерді. Бүгін Қосшы қаласында халықтың әлеуметтік топтарынан шыққан 20 отбасы – ҰОС ардагеріне, көп балалы аналар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға «Dream Park» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтердің кілті берілді.
Жаңа тұрғындардың қуанышын бөлісуге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов келді.
«Бүгінгі іс-шара Мемлекет басшысының қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған саясатының айқын көрсеткіші және нақты жүзеге асырылуының көрнісі. Өз шаңырғағыңда өмір сүру - әр отбасы үшін үлкен мереке. Өңірде жаңа тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алуда. Тек соңғы жылдары облыста тұрғын үй құрылысына 200 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 2 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде, шамамен 12 мың ақмолалық отбасы баспана мәселесін шеше алды», - деді облыс әкімі.
Бүгін пәтер алғандардың арасында Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, ғасыр жасаған қосшылық қария Нұрқасым Әжітайұлы да болды. Ол салтанатты шарада елде бейбітшілік пен тыныштық орнай берсін деген тілегін айтып, батасын берді.
«Мен соғысты көрген адаммын. Елдегі бейбітшілік пен тыныштыққа жететін байлық жоқ. Міне, бүгін әкімдіктен пәтер алып, қуанып жатырмын. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Мұның бәрі тыныштықтың арқасы деп білем. Осындай қуанышқа жеткізіп жатқан Аллаға мың шүкір! Барлығына алғысымды айтып, батамды беріп отырмын», - дейді қария Azattyq Rýhy тілшісіне.
Бұдан бөлек жас тұрғындар Муштаенко Максим мен Глазков Владимир жаңа қоныс тойын тойлаушылар қатарынан табылды.
«Мен немерелерімнің қамқоршысымын. Біз бүгінгі қуанышты ұзақ күттік. Мемлекет басшысына азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасап, баспана мәселесін шешіп, қамқорлық танытып жатқанына алғысымды білдіремін»- дейді Леонид Муштаенко.
Көптен күткен пәтерге қолы жеткен көп балалы ана Гүлдарай Сүлейменова қуанышымен бөлісіп, ризашылығын білдірді.
«Бүгін кезекте тұрып, біраз уақыт күткен баспанамызға қол жеткізген сезімімді сөзбен жеткізе алмай тұрмын. Қазіргі кезде балалармен пәтер жалдап, әр жерде жүру біз сияқты мұқтаж отбасыларға оңайға соқпайды. Мемлекет тарапынан осындай қолдау көрсетіп, халықтың әлеуетін көтеруге атсалысып жатқан жандарға алғысым шексіз»,- дейді Гүлдарай Сүлейменова.
Айта кетсек, Қосшы қала мәртебесін алғаннан бері 267 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2384 отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік туды.
Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін Қосшы қаласынан тағы 100-ге жуық пәтерді азаматтарға сатып алу жоспарлануда. Бұл шара көп балалы отбасылардың, жетімдердің, мүгедектердің және басқа да әлеуметтік маңызы бар санаттағы тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.