«Найза-Антитеррор-2024»: жедел ден қоюға әзірлік
Қызылорда, Қарағанды және Абай облыстарында 31 мамырдан бастап өткізілген «Найза-Антитеррор-2024» кешенді республикалық терроризмге қарсы оқу-жаттығуы аяқталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі ҰҚК-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, оған Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер, қорғаныс, төтенше жағдайлар министрліктері және жергілікті атқарушы органдар қатысты.
«Оқу-жаттығу шеңберінде террористік қатерлерге қарсы іс-қимыл жасау біліктері мен дағдылары бекітілді, төтенше сипаттағы дағдарысты ахуалдарға ден қою тетіктері мен төтенше жағдай кезеңіндегі іс-қимыл пысықталып, мүдделі мемлекеттік органдарды хабардар ету және ақпараттық өзара іс-қимыл жүйелерін тексеру жүзеге асырылды.
Жауынгерлік іс-қимылдарға жақын жағдайларда диверсиялық-террористік актілердің алдын алу, сондай-ақ олардың салдарларын азайту және жою жөніндегі күштік құрылымдардың тренингтері өткізілді», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар арнаулы мақсаттағы бөлімшелер жарылғыш құрылғыларды табу және залалсыздандыру, шартты террористерді анықтау және бейтараптандыру, кепілге алынғандарды босату және зардап шеккендерге көмек көрсету дағдыларын пысықтады.
Іс-шара қорытындылары бойынша еліміздің терроризмге қарсы әлеуетін нығайту шеңберінде күш-жігерді интеграциялау бойынша қосымша шаралар әзірленді.