Ол осы қылмысы үшін 10 жылға сотталды
Павлодар облысында ер адам масаң күйде адам өлтіргені үшін сотталды. Ол шөлмектесінің кеудесіне пышақ сұққан. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, 28 маусым күні сот залында адам өлтіру фактісі бойынша У.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
«2024 жылдың 2 наурызында кешкі уақытта пәтерде У. мен Ш. арасында өзара жанжал туындады. Осыған байланысты У. масаң күйде болып Ш.-ны өлтіруге шешім қабылдады. Осы мақсатта У. үйдің баспалдақ алаңына Ш.-мен сөйлесуге шығып, өзімен бірге асхана пышағын алған. Баспалдақ алаңында болған кезде У. қарама-қарсы тұрған Ш.-ның кеудесінің сол жақ тұсынан пышақ сұққан. Ш. пышақ жарақатынан сол жерде қайтыс болды», – делінген хабарламада.
У.-дің кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және сотта зерттелген басқа да дәлелдермен дәлелденді.
«Кінәні мойындағанын ескере отырып, сот У.-ға қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ, У.-ға психоактивті заттарға тәуелділікті мәжбүрлеп емдеу тағайындалды», – делінген хабарламада.
Жәбірленушілердің пайдасына, яғни жәбірленушінің жұбайы мен қызына 5 миллион теңгеден моральдық залал өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.