Балқаш қаласы алдағы жылыту маусымына дайын ба?

Azattyq Rýhy

Бесінші қазандықтың құрылысы 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр

Балқаш қаласы алдағы жылыту маусымына дайын ба?
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Балқаш қаласында жылыту маусымына дайындықты тексерді. Ол жылу желілері мен қалалық ЖЭО-ның қайта жаңартылатын учаскелерімен танысты. Бұл туралы Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

2021 жылдан бастап қалада ұзындығы 10,6 км магистральдық жылу желілеріне реконструкция жүргізіліп жатыр. Жұмысты биыл аяқтау жоспарланып отыр, бұл қаладағы жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ішкі магистральдық және орамішілік жылу желілерін жаңарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Барлығы 25 км жылу желілері ауыстырылады.

«Бірінші вице-премьерге барлық жұмыс өткен жылыту маусымында үзіліс байқалған жылу магистралінің осал учаскелерінде жүргізіліп жатқаны туралы хабарланды.

Балқаш ЖЭО-да Роман Склярға жаңа, бесінші қазандықтың құрылысы жайында баяндалды, ондағы монтаждау жұмысы 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Станса жабдықтарын жөндеп, жаңғыртуға 2,6 млрд теңге бөлінді. Үш қазандық пен екі турбинаға ағымдағы жөндеу жұмысы аяқталды. Тағы бір қазандық пен турбинаны күрделі жөндеу жоспарланып отыр.

Жылыту маусымының басында ЖЭО төрт қазандықпен жұмыс істейтін болады, бұл тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз етеді», - делінген Үкімет хабарламасында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.