«Жолда жүкті әйелді босандырып алғанымыз естен кетпейді»: медбике жұмысы жайлы айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Ол емдеу мекемесінде науқастарды емдеп, жазу үшін барлық мүмкіндік жасалғанын айтады

Фото: Pavlodarnews.kz

Павлодар облысында медбике-зертханашы Людмила Каверзина бұл қызметте 40 жылдан бері жұмыс істейді. Ол қызмет барысында ұшыраған оқиғалары туралы айтты. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Людмила Каверзина «Санитарлық фельдшер» мамандығы бойынша №1 Омбы медициналық училищесінде білім алған. Алдымен Омбы облысында еңбек жолын бастап, кейін 1987 жылдан бастап Северное ауылында қызмет ете бастады.

Алғашында ауруханада, одан кейін мектепте медбике болып жұмыс атқарған ол басқа біліктілікке ие болып, қазіргі уақытта фельдшерлік-акушерлік пункт емдеу мекемесінде медбике-зертханашы болып жұмыс істейді.

Емдеу мекемесінде науқастарды емдеп, жазу үшін барлық мүмкіндік жасалғанын айтады. Медбикелерге қажетті бұйымдардың барлығы бар. Бұрын көп нәрсе тапшы болса, қазір медициналық бұйымдардың түр-түрі бар.

«Жұмыста қызықты жағдайлар өте көп болды. Ең есте қалғаны – жолда 36 жастағы әйелді босандырып алғанымыз. Мен акушерге көмектестім. Балаға дүниеге келуге көмектесіп, бәрі ойдағыдай өтті. Нәрестені орап, анасын тыныштандырып, алғашқы көмек көрсетіп, әрі қарай жолға шықтық. Кенеттен баланың әкесі кім дүниеге келді деп сұрады. Қыз баланың дүниеге келгенін ешқайсымыз байқамаған екенбіз. Аман-есен босандырып алғанымызға мәз болып қарамаппыз», - деп күліп еске алды Людмила Каверзина.

Өз сөзінде көп ұзамай шақалақтың кім болғаны, есімі туралы айтты.

«Қыздың аты – Арна. Анасы әлі күнге дейін қызының медицина қызметкерлері сияқты мықты, төзімді екенін айтып, алғыс білдіреді», - деді ол.

Пункт қызметкерлері 2000-ға жуық халыққа, оның ішінде 400 балаға қызмет көрсетеді. Мекемеде медбике, медбике-зертханашы және фельдшерден тұратын үш қызмткер еңбек етеді.

«Ауылда кімнің қандай ауруға шалдыққанын, қайда есепте тұрғанын жатқа білеміз. Тұрғындарға үнемі емделу керек екенін, анализ тапсырып, денсаулықты бақылауға, қысымды өлшеуге келіп тұруға әрдайым шақырамыз. Ауруды емдеуден гөрі, ауырмаудың жолын іздеу керек екенін айтып, түсіндіреміз», - дейді медицина қызметкері.

Оның айтуынша, ауылда жұмыс істегенде ең бірінші кезекте психолог болу керек. Мысалы, ана баласын  вакцинацияға әкелсе, баланы тыныштандырып, ананы вакцинациялау керек екеніне сендіру маңызды. Екпе кезінде музыка немесе мультфильм қосып, балаға жағымды атмосфера жасалынады. 

«Мен өз жұмысымды жақсы көремін, тіпті уақытты кері айналдырып сіз медицинаға барар ма едіңіз деп сұраса, мен, әрине, барар едім деп жауап беретін едім. Бұл – менің өмірім», - дейді Людмила Каверзина.

Айта кетейік, маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлері күні.