Елорда стационарлары 200 мыңға жуық науқастың өмірін сақтап қалды
Елорданың мемлекеттік денсаулық сақтау секторында 12 мыңға жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Бұл туралы Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімнің айтуынша былтыр елорда емханаларында дәрігерлер 10 миллионнан астам қабылдау өткізді, жедел жәрдем қызметкерлері 700 мыңнан астам шақыруға шықты.
«Елорда стационарлары 200 мыңға жуық науқастың өмірін сақтап қалды, жүз мыңнан астам күрделі операция жасалды. Сіздер 30 мыңнан астам сәбидің өмірге келуіне көмектестіңіздер! Осы сандарға қарап-ақ үлкен жұмыстарыңыз бен адал еңбектеріңіз туралы айтуға болады.
Біз медицина қызметкерлері мен науқастар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жұмысты жалғастырамыз. Алдағы үш жылда 11 денсаулық сақтау нысанын, оның ішінде 2 перинаталдық орталықты, 2 жаңа заманауи көпсалалы аурухананы, оның ішінде балалар ауруханасын, 2 мемлекеттік және 5 жеке емхананы салуды жоспарлап отырмыз», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.