БҚО-да меморган жабдықты нарықтағы құнынан 11 есе қымбатқа сатып алмақ болған

Автор: Azattyq Rýhy

Меморганның қаражатты негізсіз жұмсауына сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер кедергі болды

Фото: istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысында жергілікті атқарушы орган 45,6 млн теңгеге бейне-конференц-байланыс жинағын сатып алмақ болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

Меморганның қаражатты негізсіз жұмсауына сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер кедергі болды.

Интернет-ресурстардағы баға талдауына сәйкес, ұқсас жабдықтың орташа нарықтық құны төрт миллион теңге шегінде өзгереді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін жергілікті атқарушы орган жоғарыда аталған тауарларды сатып алудан бас тартты.

Жалпы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасын жүзеге асыру аясында волонтерлердің күш-жігері арқасында жалпы сомасы 102 миллион теңге болатын бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.